Еске салсақ, биыл 9 сәуір күні өткен бейнеселектор жиналысында Мемлекет басшысы еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасы мен әсем табиғи көріністерін тиімді пайдалана отырып, шетелдік туристер ағынын қазіргі деңгейден 2–3 есе арттыруға болатынын атап өткен еді.
Туризм саласындағы осындай жобалардың бірі – Бостанлықтағы «Шарбақ қақпасы» кешені. Президент өткен жылдың желтоқсан айында бұл нысанның құрылысымен өзі барып танысқан болатын. Жақында кешеннің бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Жобада 16 көпқабатты тұрғын үй, 3 қонақүй, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету нысандары, кафе мен мейрамханалар, банк бөлімшесі мен автотұрақ қарастырылған. Ғимараттардың шатырларына күн панельдері орнатылады.
Таныстырылым барысында кешеннің келесі кезеңдері, оның туристер үшін тартымдылығын арттыру жолдары туралы ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, бұл нысанды арзан әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз ету үшін Шыршық өзенінде шағын гидроэлектростанция салынатын болады.
Тағы бір ауқымды жоба – Ташкент қаласының «Яшнабад» ауданында океанариум салу. Шыршық өзенінің жағасында 20 гектар аумақты қамтитын бұл кешен туристерді қызықтыратын жаңа демалыс орнына айналмақ. Оның жанынан қонақүй мен сауда орталықтарынан тұратын кешен де бой көтеріп, барлығы 1600 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұған қоса, «Яккасарай» ауданында тұрғын үй және іскерлік орталық салу көзделген. Жоба аясында көпқабатты үйлер, балабақша мен мектептер, спорт және сауықтыру кешендері, қонақүй мен кеңсе ғимараттары салынатын болады.
Мемлекет басшысы бұл жобаларды іске асыру барысында олардың құқықтық және қаржылық негіздері, сондай-ақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі жан-жақты ойластырылуы тиіс екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға нақты мерзім мен сапа стандарттарын белгілеу және олардың орындалуын қатаң бақылау тапсырылды.