Мемлекет басшысының қатысуымен Өзбекстанның туристік әлеуетін арттыру жөнінде жиын өтті

    Билік 29 Mart 2023 5260

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 29 наурызда Өзбекстанның туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланған бейне байланысты кеңес өтті.

    Туризм экономикалық және әлеуметтік-мәдени маңызы бар кең көлемді сала. Бұл әлемдегі ең табысты сала қатарында үшінші орында. Тағы бір маңызды аспект – бұл аз қаражатпен көбірек жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

    Өзбекстанда бұл сала дәйекті түрде дамып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылы республикаға келген шетелдік туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті. Саланың экспорты 1 миллиард 600 миллион долларды құрады. Ішкі туризм бағдарламасы аясында 11 миллионнан астам адам саяхаттаған. Самарқандта жаңа туристік орталықтың құрылуы нәтижесінде оған қосымша 2 миллион турист келген.

    Жалпы алғанда бұл саланың әлеуеті Өзбекстанда әлдеқайда жоғары. Елге келгісі келетін туристер өте көп. Алайда, олардың көрікті жерлері туралы контент аз, туристерді 4-5 күн бойы жалықтырмайтын бағдарламалар жетіспейді. Ұшақ пен пойыз билеттерін бірнеше ай бұрын сатып алуда белгісіздік көп.

    Жиында саланың дамуына кедергі болып отырған осындай мәселелер сыни тұрғыдан сараланып, маңызды шаралар белгіленді.

    Алыстағы шетелдіктер үшін әуежай Өзбекстанның қақпасы. Соңғы жылдары 5 жаңа жеке әуе компаниясы құрылды, авиациялық парк 44-ке жетті. Өткен жылы апталық рейс саны 46-дан 78-ге, жолаушылар саны 6500-ден 10 мыңға дейін өсті.

    Алайда, ішкі рейстердің тапшылығы аптасына Нөкіс пен Үргенішке 20, Самарқандқа 15, Бұхара мен Термезге 11 рейсті құрайды. Сол сияқты аптасына қосымша 68 пойызға және 350 жаңа вагонға сұраныс бар. Қарақалпақстан, Жызақ, Наманган, Сұрхандарияда туристерге арналған автобустар тапшы.

    Сондықтан жыл соңына дейін тағы 20 заманауи ұшақ әкелініп, әуе қатынасын арттыру жөнінде тапсырма берілді. Ішкі рейстердің жалпы саны екі есеге ұлғайып, 100-ге жеткізіледі, кейбір бағыттар бойынша әуе билеттері құнының бір бөлігіне субсидия берілетіні айтылды.

    Сондай-ақ биыл 8 электр пойызы әкелінеді. Туроператорлар, қонақ үй және тасымалдаушыларға 10 және одан да көп орындық автокөлік құралдарын әкелу кезінде кедендік жеңілдіктер беріледі. Қамшық асуында микроавтобус, Жызақ асуы, Чимган және Шарбақта туристік автобустар мен шағын автобустардың қатынауына рұқсат беріледі.

    Туризмнің тағы бір маңызды факторы қонақ үй. Бұл тұрғыда кең мүмкіндіктердің жасалуының арқасында соңғы бес жылда қонақүйлердегі орын саны екі есеге артып, 60 мыңға жетті.

    Мемлекет басшысы шетелдік консалтингтік компанияларды тарту, қонақүйлердегі жағдайды халықаралық стандарт деңгейіне жеткізу, оларға қосымша несие ресурстарын бөлу қажеттігін баса айтты.

    Жиында туристік бағдарламалардың мазмұны да сөз болды. Айтылғандай, Өзбекстанда тағы бір күн болатын шетелдік туристер жылдық туризм экспортын 300 миллион долларға арттырады.

    Мысалы, Хорезмде шетелдік туристер Бұхара мен Самарқандқа қарағанда 2 есе аз сапарлауда. Дегенмен, Хорезмде туристерді 3-4 күнге апаруға барлық мүмкіндік бар.

    Немесе өткен жылы 31 аудан мен 143 махалла туризм саласына мамандандырылып, оларға арнаулы салық режимі енгізілген еді. Бұл жеңілдіктерді 4 мыңға жуық кәсіпорын пайдаланып, тауар айналымы 1,5 есеге артқан.

    Туристерді көп уақыт алып қалу үшін қызықты бағдарламалар мен насихат жұмыстары жетіспейді. Сондықтан жиында осыған байланысты көмек ретінде 11 жоғары оқу орны біріктіріледі. Олар 31 аудан мен 143 туристік махалласының тарихы, ескерткіштері мен көрікті жерлері туралы мәліметтер жинағын жасайды. Олардың негізінде 12 тілде туристік пакеттер әзірленеді. Туризм және қызмет көрсету нысандарының жұмысшылары оқытылады.

    Шенеуніктерге қонақ үй, мәдениет, табиғат, этно және гастрономдық орталықтарды байланыстыратын туристік кластерлерді ұйымдастыру, «туристер үшін қонақжай орта сертификатын» енгізу бойынша тапсырмалар берілді.

    Өзбекстанда туристік бағдарламалар негізінен сәуір-мамыр және қыркүйек-қазан айларына бейімделген. Бірақ бұл маусымды ұзартуға мүмкіндік жеткілікті.

    Мәселен, қыс мезіглінде Ташкент пен Жызақ облыстарында шаңғы тебу, басқа жерлерде жазда шомылу орындарын ұйымдастыру арқылы туристік маусымға тағы екі ай қосуға болады. Сондай-ақ жазда 22 қорық, 24 ұлттық табиғи парк және табиғат ескерткіштерін аралауға болады.

    Осындай ресурстар негізінде жазғы және қысқы маусымдарға арналған жобаларды әзірлеу, туристік емес маусым күндері туристер үшін қызықты фестивальдар мен мәдени шаралар ұйымдастыру міндеті қойылды.

    Тағы бір мәселе, Өзбекстанда 8 мыңнан астам мәдени мұра нысандары мен 122 мұражай бар. Бұл жерлерде жастар үшін әдебиет, тарих, география, бейнелеу өнері сияқты пәндерді ұйымдастырудың мақсатқа сай екендігі айтылды.

    Биыл Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясының отырысы Өзбекстанда өтеді. Самарқанд 2023 жылы Әлемдік туризмнің астанасы болады.

    Мемлекет басшысы биылғы жыл Өзбекстанның бай мәдениеті мен туристік әлеуетін әлемге танытатын жыл болуы керектігін айтты.

    Осы мақсатта туристерді маркетингпен және жарнамамен тартуға 100 миллиард сум бөлінеді. «Өзбекстанның визит картасын» дамытудың, туристік брендті жаңартудың, халықаралық телеарналар мен интернет-платформаларда Өзбекстан туралы жарнамаларды көбейтудің маңыздылығы атап өтілді.

    Жалпы, биылғы жылы 7 миллион шетелдік, 15 миллион отандық туристерді тарта тұрып, сала экспортын 2,5 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік бар екені көрсетілді.

    Жиында қаралған мәселелерге қатысты министрлер, әкімдер, кәсіпкерлер өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

    No date selected
    November 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates