Президент кедейлікті азайту жұмыстарын сапалы деңгейге шығару жөнінде жиналыс өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 11 қыркүйекте кедейлікті азайту жұмыстарын келесі сапалы деңгейге шығару мәселелері талқыланған видеоселекторлық жиналыс өтті.

    Бұл бағыттағы жұмыстар Өзбекстанда 2020 жылы басталған болатын. Сол кезде 7,5 миллион немесе 23 пайыз халықтың табысы кедейлік шегінен төмен еді. Өткен жылдар барысында 3,5 миллион адамның табысы артқандықтан, 2023 жылдың соңына қарай кедейлік деңгейі 11 пайызға төмендеді.

    Алдымен, әлеуметтік қорғау саласының қамтылу ауқымы 4,5 есе кеңейтіліп, өткен жылы 12,3 триллион сум бөлінді. Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері де 1,5 есе өсті.

    Махаллада кедейлікті азайту, кәсіпкерлік жобаларға 35 триллион сум арзан несие, 7 триллион сум субсидия берілді. Махаллаларды абаттандыру, балабақша, мектеп, медицина, жол, су және электр инфрақұрылымы үшін 120 триллион сум бөлінді. Сондай-ақ, 800 мың тұрғынға диқаншылықпен айланысып табыс табуы үшін 260 мың гектар жер бөлінді.

    2020 жылдан бері 3 миллионнан 5 миллион сумға дейін жалақы алатын жұмысшылар саны 2 есе, ал 5 миллионнан 7 миллион сумға дейін жалақы алатындар саны 3 есе өсті. Осы нәтижелердің арқасында кедейлік деңгейі жылына орташа есеппен 3 пайызға азайып келеді.

    Алайда барлық аймақтар мен аудандарда бұл жұмыстар бірдей деңгейде емес. Мысалы, соңғы алты айда Науаи, Сұрхандария, Ферғана облыстары мен Ташкент қаласында еш өзгеріс болмаған. 15 ауданда кедейлік деңгейі 20 пайыздан жоғары.

    16 ауданда тұрғындарға бөлінген жерлерде 2-3 рет өнім алынғандықтан, кедейлік 2 есе қысқарған. Бірақ 14 ауданда өзгеріс байқалмай тұр.

    Мемлекет басшысы айтып өткендей, кедейлікті тек ақша тарату немесе жәрдемақы төлеу арқылы шешу мүмкін емес. Ол үшін кедей отбасылардың мүшелерін оқыту, кәсіпке баулу және жұмысқа орналастыру маңызды.

    Қазіргі уақытта кәсіпорындарда 250 мың бос орын бар. Бірақ кедей отбасылардың жұмысқа қабілетті мүшелерінің 35 пайызында білім мен дағды жетіспейді. Кейбіреулері созылмалы ауруларға байланысты тұрақты жұмыс істей алмайды. Кедей отбасылардың 83 пайызында ауласы бар, бірақ су, электр және жол мәселелері қиындықтар туғызуда.

    Жиналыста осы мәселелер жан-жақты талқыланып, жаңа міндеттер қойылды.

    Мемлекет басшысы алдағы жылдарға арналған «Камбағалликдан фаровонлик сари» («Кедейліктен гүлденуге») бағдарламасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл бағдарламада жеті мүмкіндік пен жауапкершілік қағидасына негізделген Өзбекстанның жаңа тәсілдері айқындалады.

    Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі мен әкімшіліктер осы жылы әрбір махалланы толық түгендеп, «кедей отбасылардың портретін» жасайды. Кедей отбасы үшін жеке бағдарлама болады. Экономикалық кешен отбасыларды кедейліктен шығарумен айналысады. Бұл жерде ең үлкен жауапкершілік аудан әкімдері мен сектор басшыларының мойнында болады.

    Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы махаллалардағы жағдайға да байланысты. Сондықтан келесі жылы махаллалардың инфрақұрылымын дамытуға барлық көздерден 1,6 миллиард доллар бөлінеді. Бұл қаржының бір бөлігі алдымен ең қиын жағдайдағы 300 махаллада су сорғылары мен күн панельдерін орнатуға жұмсалады. Тағы 500 махаллада электр, жол, интернет және басқа инфрақұрылым мәселелері шешіледі.

    Бүгінде Өзбекстанда кемінде 50 жұмыс орнын құрған 9 200 кәсіпкер бар. Олардың жоспарлары қолдау тапса, қызметтерін кеңейтіп, қосымша жұмысшылар алуы мүмкін.

    Мысалы, Әндіжан облысындағы 58 құс шаруашылығы кәсіпорны жұмыртқа өндірісіне 10 мың мұқтаж адамды тарту, 660 балық шаруашылығы кооперация арқылы тағы сонша жұмыс орнын құруды ұсынған.

    Мемлекет басшысы осындай жобаларды қаржыландырудың жаңа жүйесін құру және оларды басқа аймақтарда кеңейту бойынша тапсырмалар берді.

    Екі жыл бұрын Президент жарлығымен қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлерге әлеуметтік салықтан жеңілдіктер берілген болатын. Соның арқасында Ташкент, Самарқанд және Әндіжанда бірқатар кәсіпорындар 2 мың адамды жұмыспен қамтыды. Бұл жеңілдіктер тағы екі жылға ұзартылса, кәсіпкерлер ондаған мың мұқтаж адамды жұмыспен қамтамасыз етуге дайын.

    Өнеркәсіпте ең көп жұмыс орындарын құратын сала – тоқыма өнеркәсібі. Бұл саланың кәсіпкерлері де дайын трикотаж, боялған мата және тоқыма кәсіпорындарына берілген әлеуметтік салық жеңілдіктерін ұзартуды сұраған.

    Халықты жұмыспен қамтудың маңыздылығын ескере отырып, осы салаларға жеңілдіктерді ұзарту туралы ұсыныстар жасау тапсырылды.

    Егер кәсіпорындар күн көрісі төмен халықты жұмыспен қамтыса, сол жұмысшыларға әлеуметтік салық жеңілдігі тағы үш жылға сақталады. Бұл жеңілдік тек тоқыма өнеркәсібіне ғана емес, барлық салалардағы кәсіпорындарға да беріледі. Осы арқылы тоқыма, құрылыс материалдары, былғары-аяқ киім, электр техникасы, тамақ өнімдері, мал шаруашылығы және құрылыс салаларында жүздеген мың кедей тұрғынды жұмыспен қамтуға болады.

    Соңғы жылдары 260 мың гектар жер 800 мың тұрғынға егіншілік үшін берілді. Енді тағы 50 мың гектар жер 100 мың кедей отбасыға үлестірілетіні айтылды.

    Бұл жерлерде «компания – кооператив – фермерлік шаруашылық» қағидаты негізінде егіншілік пен бағбандық ұйымдастырылады. Осы орайда, Қытай тәжірибесі негізінде үш түрлі табыс көзін әкелетін жүйе енгізіледі:

    Ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін және экспорттайтын ірі компания кедей отбасылардан жерді қосымша жалға алады.

    Жер иелері үлескер ретінде кооперативке бірігіп, компаниялардан тапсырыс алады және тапқан табысты өзара бөліседі.

    Екі жағдайда да бұл тұрғындар өз жерінде өнім өндіріп, сол үшін жалақы алады.

    Яғни, кедей отбасы өзіне берілген жерді тиімді пайдаланып, жалақы алып қана қоймай, жалдау немесе дивиденд арқылы табыс табады. Компания бір циклде бір өнім өндіру арқылы сапа мен өзіндік құн бойынша ұтады.

    Жұмыспен қамту жобаларын жүзеге асыруда микрокаржы қызметтері де маңызды және бұл бағыттағы мүмкіндіктер кеңейіп келеді.

    2024-2025 жылдары адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуы үшін микронесие беру мақсатында 10 триллион сум бөлінеді. Сондай-ақ, кедей отбасыларға 30 миллион сумға дейін жабдық, көшпелі дүкен, мотороллер, скутер сияқты құралдар 5 жылға бөліп төлеу шартымен беріледі. Кедей отбасылардың балаларына компьютер сатып алу үшін 5 жылға 2 жылдық жеңілдікті кезеңмен пайызсыз несие беріледі.

    Сауда-өнеркәсіп палатасы жанынан кәсіпкерлерге жұмысшылар тауып, оларды дайындайтын орталық құрылады. Кедей отбасы мүшелеріне кәсіпорын талаптарына сай дағдылар үйретіліп, олар жұмысқа орналастырылады.

    Әрбір кедей отбасында, әсіресе қыз-келіншектер арасында жоғары білімді болуына ерекше назар аударылады. Ол үшін оларға пайызсыз білім несиелері, гранттар және басқа да қаржылық көмек көрсетіледі.

    Президент бұл мақсаттың ауқымды екенін, оған әркім өз үлесін қосуы қажет екенін атап өтті.

    – Бұдан былай кедейлікті азайту бүкілхалықтық қозғалысқа айналады. Үкіметтен бастап аудандық ұйымдарға дейінгі барлық деңгейдегі басшылардың күнделікті жұмысы отбасыларды кедейліктен шығару болуы керек. Бұл бағытта қатаң бақылау мен жауапкершілік болады, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Жиналыста Премьер-Министрдің орынбасары, облыс және аудан әкімдері ақпарат берді. Кедей отбасыларға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, осы саладағы жұмыстарды талқылап, мәселелерді шешу бойынша міндеттер белгіленді.

    No date selected
    October 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates