баннер
15 Apr 2025
10:33

    Президент қыз-келіншектерді халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады

    «Куксарай» резиденциясында Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

    Іс-шара басында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйлеп, аналар мен әпке-қарындастарды шын жүректен құттықтады. Әйелдердің құқықтары мен мүдделерін толық қамтамасыз ету, олардың қадір-қасиетін ардақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

    2017 жылы басқару саласында қызметкерлердің орташа 20 пайызын әйелдер құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 35 пайызға жетті. Олий Мажлис Заң шығару палатасы депутаттарының 38 пайызын, Сенат мүшелерінің 27 пайызын әйелдер құрайды.

    Бұл қоғамымыздың дамуына оң әсер етуде. Ең бастысы, ақылды, білімді және талантты әйелдер мемлекет пен қоғамның барлық салаларында үлгі көрсетуде.

    Өткен жылы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында әйел спортшыларымыз 3 алтын, 8 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Мәдениет және өнер саласындағы беделді халықаралық байқауларда 25, ал ел көлеміндегі байқауларда 71 талантты қыз жеңімпаз атанды.

    Президент әйелдердің ауыртпалығын жеңілдету, олар үшін қосымша мүмкіндіктер жасау мәселелеріне ерекше назар аударды.

    – Үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелеумен қатар, білім алып, еңбек етіп, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген әйелдер – заманымыздың нағыз қаһармандары десек, дұрыс болады. Жаңа Өзбекстанда әйелдердің ауыртпалығын жеңілдету, олар үшін барлық салаларда қажетті жағдай жасау әрдайым мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Сондықтан жаңартылған Конституциямыздағы әлеуметтік мемлекет қағидатына сәйкес, әйелдерді әлеуметтік қорғау да жаңа деңгейде ұйымдастырылуда. Биыл мүмкіндігі шектеулі 162 мың әйелге санаторий, аурухана және өздері тұратын махаллада медициналық көмек көрсетіледі, асыраушысынан айырылған 130 мың әйелге материалдық көмек беріледі, тағы 6 мың әйелдің тұрғын үй жағдайы жақсартылады, еңбекке қабілетті әйелдер жұмысқа орналастырылады.

    Сондай-ақ, жыл сайын қиын жағдайға тап болған 50 мың әйел Өзбекстандағы көрікті орындарға оқуға және демалуға жіберіледі.

    Әйелдердің денсаулығы – жан-жақты сау және қуатты қоғамның іргетасы. Осы мақсатта 230 босану мекемесі 21 мың заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, биыл 1,5 миллион әйелде қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында скринингтер жүргізіледі.

    Қыз баланың оқуы бүкіл отбасыға пайда әкелетіні тағы бір рет атап өтілді. Егер отбасы білімді, ағартушылыққа жақын болса, қоғамның санасы мен мәдени деңгейі де көтеріледі.

    Студенттердің 52 пайыздан астамын әйелдер құрап отырғаны осы игі идеяның нақты нәтижесі деуге болады. Өткен жылы магистратурада оқып жатқан 15 мыңға жуық әйелге 100 миллиард сумға жуық келісімшарт төлемі төленді.

    Қазіргі уақытта 6 мың 200-ден астам әйел ғылыми қызметпен айналысып, ғылыми зерттеулердің 25 пайызын әйел ғалымдар жасап жатқандығы – қоғамдағы олардың орнының нығайып келе жатқанының айғағы.

    Әрбір отбасындағы қыз балалар балабақша мен мектеппен толық қамтылып, заманауи кәсіптер мен шет тілдерін меңгеріп, жоғары білім алуына барлық жағдай жасалады. Атап айтқанда, биыл 250 мың қыз жоғары біліммен қамтылады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Сондай-ақ, тағы 250 мың әйел кәсіптік білім мен кәсіпкерлік дағдыларды меңгереді. «Жарқын келешек» жобасы аясында жыл сайын кемінде 200 қыз әлемнің беделді жоғары оқу орындарына оқуға жіберіледі.

    Мемлекет басшысы әйелдерді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту мәселелеріне ерекше тоқталды.

    Осыған байланысты нақты қадам ретінде Сауда-өнеркәсіп палатасы жанынан Кәсіпкер әйелдер кеңесін құру бастамасы ұсынылды. Бұл кеңес жергілікті жерлердегі әйел кәсіпкерлерді толғандыратын өмірлік маңызды мәселелерді шешу үшін тікелей парламентке ұсыныс жасау құқығына ие болады.

    Биыл махалаларда әйелдер кәсіпкерлігі жобалары үшін қосымша 3,3 трлн сум бөлінеді. Атап айтқанда, отбасылық кәсіпкерлік бағдарламалары аясында тағы 100 млн доллар беріледі. Бұған қоса, коммерциялық банктер де 100 млн доллар тартып, махалаларда өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерге 50 млн сумға дейін кепілсіз несиелер бөледі.

    Аталғандай, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша 4 кезеңнен тұратын жаңа жүйе іске қосылады.

    Бірінші кезеңде бизнеске қызыққан, бірақ тәжірибесі жоқ 20 мың әйел кәсіпкерлікке оқытылады. Екінші кезеңде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 100 мың әйелге шағын кәсіпкерге айналуына көмек көрсетіледі. Үшінші кезеңде «Хамрох» компаниясы әр ауданда 2 шағын кәсіпорынды үлгілі орта бизнес деңгейіне дейін жеткізуге жауапты болады. Төртінші кезеңде ең белсенді 50 әйел кәсіпкер жылдық айналымы 100 млрд сомнан асатын «чемпион кәсіпкерге» айналады.

    Жалпы, биыл кәсіптік оқыту, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті дамыту есебінен 2 млн әйелдің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету көзделген.

    – Барлық сала мен бағытта аса ауқымды мақсаттар қойып отырмыз. Оған жету үшін біз сенім артатын кемел ұрпақты тәрбиелеп, өсіру – сіздердің, құрметті аналарымыздың қолында, – деді Мемлекет басшысы.

    Өзбекстан Республикасы Президентінің биылғы 3 наурыздағы қаулысына сәйкес 28 қыз Зулфия атындағы Мемлекеттік сыйлықпен, ал 4 наурыздағы жарлыққа сәйкес, еңбек және қоғамдық қызметте үлкен жетістіктерге жеткен бір топ әйелдер орден және медальдармен марапатталды. Іс-шарада осы жоғары марапаттар салтанатты түрде табысталды.

    Салтанатты рәсім соңында Шавкат Мирзиёев халқымыз атынан әйелдерді тағы да құттықтап, игі тілектерін білдірді.

    – Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға тыныштық пен береке, дүниедегі ең үлкен байлық – отбасылық бақыт серік болсын. Әрдайым балаларыңыз бен жақындарыңыздың, халқымыздың құрметіне бөленіп жүре беріңіздер, – деді Президент.

    Мереке аясында «Өзбекстан» форумдар сарайында салтанатты концерт көрсетілді.



    Мы в Телеграм
    Text to speech