Өзбекстан Президенті Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысты

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 2 мамырда Халықаралық конгресс орталығында үшінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумының пленарлық отырысына қатысты.

    Іс-шараға сондай-ақ Түркия Республикасының вице-президенті Жавдат Йылмаз, Сингапур Парламентінің спикері Сиа Киан Пенг, Қырғызстан Премьер-Министрі Ақылбек Жапаров, Сауд Арабиясының Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Сауд, Еуропа қайта құру және даму банктің президенті Одиль Рено-Бассо, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Татьяна Молчан, ОПЕК Халықаралық даму қорының президенті Абдулхамид Әл-Халифа және басқалар қатысты. Жалпы, форумға әлемнің 93 елінен екі жарым мыңнан астам шетелдік қонақ келді.

    Өзбекстан Республикасы Президентінің бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық форум кейінгі үш жылда екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейту, ең өзекті мәселелерді талқылау, озық идеялар мен тәсілдер әзірлеудің тиімді алаңына айналды.

    Сөзінің басында Мемлекет басшысы кездесуге қатысушыларды құттықтап, форум Өзбекстандағы артқа қайтпайтын реформаларға және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

    Бүгінгі конференция жаһандық геосаяси және экономикалық мәселелердің шиеленісіп, тұрақты дамуға қауіп-қатерлердің күшейіп отырған кезеңіне тұспа-тұс келгені атап өтілді.

    Әлемдік тәртіпте терең трансформация процестері жүріп жатыр. Тауар мен қызметтерді жеткізу тізбегіндегі үзілістер, халықаралық сауданың құлдырауы, инвестиция ағынының қысқаруы, климаттық апаттардың артуы – жағдайдың қаншалықты тұрақсыз және осал екенін анық көрсетуде.

    Мемлекет басшысы кейінгі үш жылда әлемдік экономиканың өсу қарқыны төмендеп келе жатқанын атап өтті. Тікелей шетелдік инвестицияның тенденциялары да үмітті ақтамай тұр. 2023 жылы дамушы елдерге салынған инвестицияның жалпы көлемі 9 пайызға қысқарды.

    – Әрине, біз бүгін әлемде инвесторлар үшін бұрын-соңды болмаған күрес жүріп жатқанын жақсы түсінеміз. Дегенмен, айнымас бір ақиқат барған сайын айқындала түсуде. Ешбір ел мұндай өткір мәселелерді жалғыз шеше алмайды. Өзара сенім мен құрмет рухы, өзара қолдау қағидасы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік тірегі болып қала бермек, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Өзбекстан басшысы республикадағы инвестициялық және іскерлік ортаны түбегейлі жақсарту, бұл жолдағы кедергілерді кезең-кезеңмен жою бойынша қабылданған шешуші қадамдарды тізіп берді. Әрбір инвестор өзін еркін әрі сенімді сезінуі үшін ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.

    Соның нәтижесінде соңғы жылдары ел экономикасы екі есеге жуық өсті. Өткен жылдың соңына қарай бұл өсім 6 пайызды құраған. Инфляция 9 пайызға дейін төмендеді. Сауда айналымының көрсеткіштері үнемі өсіп отыр. Валюта нарығы мен алтын-валюта резервтерінің тұрақтылығы сақталуда.

    Соңғы жылдары Өзбекстанда 60 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция игерілді. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық салаларға халықаралық қаржы институттарынан 14 миллиард доллардан астам қаражат тартылды.

    Өткен жылы шетелдік инвестиция көлемі екі есеге жуық артты.

    Энергетика саласында «ACWA Power», «Masdar», «Total Eren», «Voltalia», «Ҫalɩk» және «Aksa», химия өнеркәсібінде «Air Products», «Indorama» және «CAMCE», тау-кен өнеркәсібінде және металлургия - «Orano» және «DANIELI», автомобиль жасау және электротехника салаларында «BYD», «Kia» және «Samsung», құрылыс саласында «Koҫ» және «KNAUF» сияқты әлемдік жетекші компаниялар және ірі брендтермен 300-ден астам инвестициялық және өнеркәсіптік жобалар іске қосылғаны және жүздеген мың жаңа жұмыс орындарының ашылғаны зор қуанышпен атап өтілді.

    Бүгінгі форум аясында әлемдік жетекші компаниялары саналатын «Linde», «Orascom», «DataVolt», «Bonafarm», «PASHA holding» және басқа серіктестердің қатысуымен жаңа ірі жобалар іске қосылады.

    Экономиканы одан әрі ырықтандыру, қолайлы инвестициялық орта құру, бизнесті жүргізу мүмкіндіктерін жан-жақты кеңейту бойынша қабылданған шешімдер мен атқарылып жатқан жұмыстар атап өтілді.

    Оның ішінде шетелдік инвесторлар үшін дивиденд салығы бойынша жеңілдіктер, жекешелендіру процесінің құқықтық негіздерін нығайту және жекешелендіру бағдарламасын кеңейту, кәсіпкерлердің тұрақтылық рейтингін енгізу, индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, жер телімдерінің ашық жүйесін енгізу солар қатарында.

    Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жобаларды жүзеге асыру шарттарын әлеуметтік және инфрақұрылымдық салаларға қолдану жоспарланған. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік аясында ұлттық заңнаманы үйлестіру жандануда.

    Дауларды әділ шешу мақсатында Ташкент халықаралық арбитраж орталығы табысты жұмыс істеуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2030 жылға дейінгі ұлттық стратегиясы әзірленуде.

    Инвесторлар үшін тағы бір маңызды көрсеткіш. Соңғы жеті жылда жоғары біліммен қамту 9 пайыздан 42 пайызға, жоғары оқу орындарының саны 200-ден өсті. Өзбекстанда 90-нан астам елдер үшін визасыз режим енгізілген.

    – Біздің басты мақсатымыз – Өзбекстанды шетелдік инвесторлар үшін сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктес ету, – деді Өзбекстан Президенті.

    Өзбекстан нарықтық қатынастарды дамытуды, инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғауды, қолайлы инвестициялық және кәсіпкерлік ортаны одан әрі жақсартуды, адал бәсекелестікке, жеке меншікке қол сұғылмаушылық пен сот жүйесінің тәуелсіздігіне кеңірек жағдай жасауды өз міндетіне алып отыр.

    Бұл қағидаттар өткен жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда белгіленген.

    Атап айтқанда, Дүниежүзілік сауда ұйымының процедуралары мен стандарттарына сәйкес «Инвестициялар туралы» заңның жаңа редакциясы әзірленді. Жақын арада өзбекстанда алғашқы халықаралық коммерциялық сот өз жұмысын бастайды.

    Индустриалды аймақтар жүйесіне мүлде жаңа тәсілдерді енгізу инвесторларға жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың қызмет ету мерзіміне шектеулер алынып, шетелдік инвесторлар үшін жалға беру мерзімі 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартылады.

    Жалпы, «Өзбекстан – 2030» стратегиясы аясында халықтың табысын екі есеге ұлғайтып, осы көрсеткіш бойынша орташадан жоғары елдердің қатарына ену мақсаты белгіленген..

    Мемлекет басшысы өз сөзінде шетелдік инвесторлармен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің басымдықтарына тоқталды.

    Бірінші бағыт: «жасыл» энергетика. Энергия желісінің тиімділігін арттыру бүкіл өңіріміз үшін өзекті. Осыған орай Өзбекстанда 28 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда.

    2030 жылға қарай 20 гигаватттан астам жаңартылатын энергия көздерін құру және оның энергетикалық баланстағы үлесін 40 пайызға дейін арттыру жоспарланған.

    Стратегиялық серіктестермен бірлесіп, ірі жел және күн электр станциялары салынуда, «жасыл сутегі» өндірісі басталды. Өткен жылдың өзінде қуаттылығы 1,4 гигаватт болатын ірі жел және күн электр станциялары іске қосылды.

    Бүгінгі форум аясында көршілес Қырғызстан мен Тәжікстанда су электр станцияларын бірлесіп салу жобаларының тұсаукесері өтеді.

    Бұл жобалардың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты негізінде жүзеге асырылып жатқанына назар аударған Мемлекет басшысы барлық елдердің жетекші компанияларын ашық диалог пен практикалық ынтымақтастыққа шақырды.

    Екінші бағыт: банк және қаржы саласы. Кейінгі жылдары жүргізілген реформалардың нәтижесінде Өзбекстанда көптеген жеке банктер ашылды. Еуропаның жетекші банктері республика нарығына енді. Бірқатар цифрлық банктер жұмыс істейді.

    Форум аясында Еуропа қайта құру және даму банкімен Өзбекстандағы ең ірі банктердің бірі «Асакабанкті» жекешелендіру туралы келісімге қол қойылды.

    Сондай-ақ, Халықаралық қаржы корпорациясы, Азия даму банкімен басқа да ірі банктерді трансформациялау және жекешелендіру үдерістері белсенді жүргізілуде.

    Үшінші бағыт: пайдалы қазбаларды бірлесіп пайдалану. Өзбекстан пайдалы қазбалар мен маңызды металдардың үлкен базасы бар мемлекет. Республикада алтын, мыс, вольфрам, күміс, уран, 30-дан астам сирек металдардың орасан зор қоры бар.

    Өткен айда Еуропалық Одақпен аса маңызды шикізат саласында стратегиялық ынтымақтастық орнатылғанын айта келе, Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттары және Ұлыбританиямен осындай келісім бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеп, осы стратегиялық шикізатты терең өңдеу және қосымша құн тізбегін құру үшін жетекші компанияларды Өзбекстанға шақырды.

    Халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген «Жер қойнауы туралы» заңның жаңа редакциясының қабылдануы да ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді.

    Төртінші бағыт: елдің цифрлық трансформациясы. Бір жыл ішінде IT қызметтері мен бағдарламалық өнімдер экспорты екі есеге өсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 5 миллиард долларға жеткізу жоспарланған.

    Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар экономика үшін цифрлық шешімдерді әзірлеу, жасанды интеллект технологияларын енгізу, «жасыл» дата орталықтарын құру сияқты перспективалы ІТ-жобаларға қатыса алатынын атап өтті.

    Өзбекстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлді.

    Теміржол саласында түбегейлі реформалар жүргізілуде, автомобиль және жүрдек темір жол құрылысына жеке инвесторларды тартуға кең мүмкіндіктер ашылуда. Қолданыстағы халықаралық әуежайларды дамыту және жаңаларын салу жобалары дайындалуда.

    Шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан және Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан теміржолдарын салу бойынша алдын ала жұмыстар басталғаны айтылды. Бұл стратегиялық жобалар аймақтағы геоэкономикалық жағдайды толығымен өзгертіп, Орталық Азияны Солтүстік пен Оңтүстікті, Шығыс пен Батысты байланыстыратын жаһандық транзиттік орталыққа айналдырады.

    Өзбекстан инвесторлар мен халықаралық ұйымдарды осы ірі аймақтық жобаларға қатысуға шақырады.

    – Инвестициялар – еліміздің трансформациясының локомотиві және экономикалық дамуымыздың күшті драйвері», - деді Мемлекет басшысы.

    Сөзінің соңында Мемлекет басшысы бүгінгі Халықаралық инвестициялық форум мен нәтижелі келіссөздер практикалық ынтымақтастығымызды сапасы мен мазмұны жағынан мүлде жаңа, жоғары деңгейге шығаратынына сенім білдірді.

    Сессияда сөз сөйлегендер Өзбекстанның қол жеткізген табыстарын жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту жөнінде өз пікірлері, ұсыныстарымен бөлісті.

    Президенттің қатысуымен өткен пленарлық отырыс аясында жалпы құны 8,7 млрд долларды құрайтын 15 жаңа инвестициялық жоба іске қосылып, жалпы құны 2,8 млрд долларды құрайтын 5 өнеркәсіп нысаны іске қосылды.

    3 мамырда Ташкент халықаралық инвестициялық форумы өз жұмысын аяқтайды.

    No date selected
    December 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates