Мемлекет басшысы аймақтық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуде маңызды бастамаларды алға тартты

    Билік 19 May 2023 6583

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 19 мамырда Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммитіне қатысты.

    Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин төрағалық еткен шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қатысты.

    Күн тәртібіне сәйкес Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге байланысты халықаралық және өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер талқыланды.

    Өзбекстан Президенті өз сөзінде саммит бүкіл Еуразияның ғасырлар бойы өркениеттік дамуында, өзара тәуелділігі мен дамуының маңызды факторы ретінде Ұлы Жібек жолының бастау нүктесі болған ежелгі Сиань қаласында өтіп жатқанының символдық мәні бар екенін атап өтті.

    Осынау кездесудің күрделі халықаралық жағдайда ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

    – Пандемия сынақтарынан сүрінбей өткен елдеріміз жаһандық ауқымдағы сенім дағдарысының жағымсыз салдарларына тап болды.

    Орталық Азия үшін маңызды әдеттегі көлік-логистикалық тізбектердегі елеулі үзілістер, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке қатер, инфляцияның өсуінен кейінгі әлеуметтік шиеленіс қаупі және басқа да мәселелер бізден тығыз үйлестіруді және практикалық ынтымақтастықты талап етуде, - деді Мемлекет басшысы.

    Бүгін Орталық Азиян диалог пен кең ауқымды ынтымақтастық үшін ашық, үйлесімді және күшті аймақ екені атап өтілді.

    Күш-жігерді одан әрі үйлестіру және практикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Өзбекстан Президенті сауда, инвестиция, көлік және гуманитарлық салалардағы аймақтық әріптестікті ұзақ мерзімді күн тәртібі, перспективалық жоспар мен міндеттер негізінде дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар мен бастамаларды алға тартты.

    Стратегиялық тәсілдер, кешенді ұсыныстар мен шешімдерді, өңірлік және жаһандық деңгейде түбегейлі өзгеріс енгізетін жобаларды әзірлеу мақсатында алты елдің жетекші «ақыл» орталықтары арасында ынтымақтастық орнату қажеттігі айтылды. Осы пікірталас алаңы ретінде келесі жылы Самарқандта Ұлттық даму стратегияларының өзара байланысы мәселесі бойынша сарапшылардың халықаралық конференциясын өткізу ұсынылды.

    Мемлекет басшысы аймақ елдерінің тұрақты дамуы үшін қажетті жағдайлар жасауға тоқталып, осыған байланысты кедейлікпен тиімді күресу мәселесіне назар аударды.

    – Өңірлерде, бірінші кезекте ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін көтеру және оларды дамыту бойынша нақты міндеттерден тұратын бірлескен бағдарлама қабылдап, жүзеге асырсақ, оны халықтарымыз қолдап, 2030 жылға қарай күн тәртібіндегі мақсаттарға қол жеткізуге жалпы ортақ үлесіміз болады деп ойлаймын, - деді Өзбекстан басшысы.

    Мемлекет басшысы жаңа экономикалық диалогты қалыптастыру және өзара тәуелділікті нығайту, 2030 жылға қарай аймақ елдерінің Қытаймен сауда көлемін екі есеге арттыру бастамасын алға тартты.

    Бұл міндетті өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өнімдерін өзара жеткізуді пропорционалды арттыру, тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылым мен заманауи көтерме-тарату желілерін, «жасыл» және экспресс дәліздерді, электронды коммерцияның ортақ платформаларын құру арқылы жүзеге асыру ұсынылды.

    Қолайлы жағдайлар мен қажетті құқықтық базаны құру мақсатында өзара сауда мен инвестицияны ынталандыру туралы көпжақты келісімді қабылдау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

    Мемлекет басшысы қатысушылардың назарын өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, цифрлық технологияларды тарту және инновацияларды енгізу мәселелерін Қытай билігімен тікелей өңіраралық байланыстар арқылы тиімді шешуге болатынына аударды.

    Осындай практикалық ынтымақтастықты орнату, бауырластық, әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында биыл Өзбекстанда алты елдің қалалары мен облыстарының форумы мен көрмесін өткізу ұсынылды.

    – Қытайды аймақпен байланыстыратын, Еуропа, Таяу Шығыс және Африкаға апаратын қауіпсіз және ең қысқа көлік дәліздерін дамытудың стратегиялық маңызы зор. Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруде Транс-Еуразиялық магистрал жобасы басымдыққа ие болса, «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» автокөілк және темір жолы оның маңызды құрамдас бөлігі болады, - деді Мемлекет басшысы.

    Көлік коммуникациясын дамытудың ұлттық бағдарламаларын өзара байланыстырып, соның негізінде ұзақ мерзімді бірыңғай стратегияны әзірлеу бірінші міндет екені айтылды.

    Климаттық күн тәртібі мен «жасыл» энергетика мәселелері бойынша ынтымақтастыққа ерекше назар аудару ұсынылды.

    – Өкінішке орай, Орталық Азиядағы энергетикалық инфрақұрылымның даму қарқыны индустрияландыру мен урбанизация жылдамдығы, демографиялық өсімнен артта қалып отыр. Бүгінде бұл елдеріміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына өте үлкен қауіп төндіреді, - деді Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев.

    Қытайдың күн, жел және су энергетикасы бойынша технологиялық көшбасшы екенін, сондай-ақ қолда бар қаржы мүмкіндіктерін ескере отырып, баламалы энергия саласында тығыз ғылыми-тәжірибелік әріптестік орнату ұсынылды.

    Сонымен қатар, Арал өңірінің экологиялық мәселелерін шешу, биоәртүрлілікті қорғау, мұздықтар мен топырақты сақтау, суды үнемдеу технологияларын енгізуде тиімді ынтымақтастыққа ұмтылыс білдірді.

    Өзбекстан Президенті Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысындағы қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі мен бейбіт даму қағидаттарына негізделген жаһандық бастамасын қолдап, бүгінгі өңіріміздегі тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелері бойынша жүргізілген диалогты жоғары бағалады.

    - Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы Байланыс тобы және Ауғанстанмен көршілес елдердің диалогын өзара келісілген ұстанымын әзірлеу және осы елде гуманитарлық апаттың алдын алу шараларын қабылдау үшін барынша пайдалану маңызды деп санаймыз, - деді Өзбекстан басшысы.

    Гуманитарлық алмасулар, көрмелер, концерттік және шығармашылық гастрольдер, бірлескен спорттық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жалғастырып, оларға жастарды тартудың маңыздылығы атап өтілді. Осы орайда келер жылы Жас таланттар форумын бірлесіп өткізу ұсынылды.

    Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы елдеріміз стратегиялық серіктес және сенімді дос екенін атап өтті.

    – Бүгінгі халықаралық қатынастардағы қақтығыстар мен белгісіздік күшейіп жатқан жағдайда біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, халықтарымыз үшін гүлденген болашақ құрудамыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Осы тұрғыда Қытай тарапының Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы достық пен әріптестікті нығайту мақсатында осындай кездесулерді жүйелі түрде өткізу туралы бастамасы қолдау тапты.

    Бүгінгі саммиттің жемісті нәтижелері тату көршілік пен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға, елдеріміз бен халықтарымыздың дамуына қызмет ететініне сенім білдірілді.

    Кездесу соңында Мемлекет басшылары «Орталық Азия-Қытай» саммитінің Сиань декларациясына қол қойып, бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

    Саммит аяқталғаннан кейін, Мемлекет басшылары елдеріміздің достығы, тату көршілік, даму мен өркендеуге деген ортақ ұмтылыстың символы ретінде ағаш отырғызу рәсімі өтті.

    No date selected
    December 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates