Кездесу басында Мемлекет басшысы жоғары мәртебелі мейманды жылы қарсы алып, Италия Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды оқиға екенін атап өтті.
Серджио Маттарелла Өзбекстан басшысына шақырғаны және Италия делегациясына көрсеткен қонақжайлылық үшін алғыс білдірді.
Италия Президенті Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан артқа қайтпастай реформаларды қолдайтынын атап өтті және еліміздің Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және интеграцияны нығайту жолындағы күш-жігерін жоғары бағалады.
Екіжақты стратегиялық әріптестік пен басым бағыттар бойынша көпжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Өзбекстан Президентінің биылғы жылдың маусым айында Италияға ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшылары парламенттер мен шетелдік саяси органдар арасындағы белсенді диалогты жалғастыру маңызды екенін айтты.
Стратегиялық диалогтың бірінші отырысын келесі жылы сыртқы саяси ведомство басшылары деңгейінде өткізуге келісілді.
«Орталық Азия – Италия» диалогы аясында белсенді байланыстар жалғасатын болады.
Экономикалық ынтымақтастық саласында өткен жылы тауар алмасу 30 пайызға артқан. Бірлескен жобалардың портфелі 9 млрд еуроны құрады.
Сауда қатынастарын одан әрі дамыту мақсатында Сауданы ынталандырудың кешенді бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.
Металлургия, энергетика, электротехника, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жетекші итальяндық компаниялармен табысты ынтымақтастық бар екені атап өтілді.
Өзбекстанның ұлттық экономиканы жаңғырту жобаларына Италияның озық және жоғары технологиялық компанияларын тартуға мүдделі екені айтылды.
Тараптар Ташкентте өндірістік кооперацияны тереңдетуге қызмет ететін «Конфиндустрия Өзбекстан» өнеркәсіптік бірлестігінің ашылуын құптады.
Үкіметаралық топ аясында жергіліктендіру жаңа бағыттары мен жобалары бойынша ұсыныстар дайындау келісілді.
Италия Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ертерек кіруіне және Еуропалық Одақпен кеңейтілген серіктестік туралы келісімнің қабылдануына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Екі елдің өңірлері арасындағы тікелей қарым-қатынасты ілгерілетудің маңыздылығы атап өтілді. Осыған орай Өзбекстан мен Италия аймақтар форумын құру және оның алғашқы отырысын келесі жылы Самарқандта өткізу ұсынылды.
Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективалары жан-жақты талқыланды.
Ташкенттегі Турин политехникалық университеті филиалының қызметі осы бағыттағы табысты серіктестіктің үлгісі екені атап өтілді.
Осы жетекші жоғары оқу орнының базасында итальяндық озық технологиялар трансфертінің орталығы құрылады.
Өзбекстанда итальян тілін үйренуге деген қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді. Біздің мектептерде итальян тілі мұғалімдерін дайындау және оны оқытуды мектептерімізге кезең-кезеңімен енгізудің маңыздылығы туралы пікір айтылды.
Сондай-ақ, Италияда бірлескен бейнелеу өнер көрмелерін өткізу жоспарлары талқыланды.
Екі елдің халықтары бір-бірінің бай және қайталанбас мәдени-тарихи мұрасымен танысуы үшін елдерімізде Өзбекстан мен Италияның мәдениет, кино және туризм күндері өтеді.
Самарқанд археология институты мен Болонья және Неаполь университеттерінің бірлескен тобы жүргізген археологиялық зерттеулер жоғары бағаланды.
Мемлекет басшылары академиялық алмасуды кеңейту және бірлескен Білім форумын өткізу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ халықаралық және өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер, қауіпсіздікке төнетін ортақ қауіптерге қарсы күрестегі ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде де пікір алмасылды.