Кәсіпкерлікті дамыту – Өзбекстан экономикалық саясатының басым бағыты. Осыған орай жасалған жағдайдың арқасында кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Республикада жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын шағын кәсіпкерлік субъектілері өндіреді. Олардың экспортта да алатын орны жоғары.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті реттейтін 6 мыңнан астам нормативтік және 40 мыңнан астам техникалық құжат бар. Кейбір ескі талаптар жаңа өнімдерді, технологияларды және қызметтерді енгізуді қиындатуда.

Өзбекстан Республикасы Президентінің «Кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеудi оңайлату жөнiндегi шаралар туралы» Жарлығында Даму стратегиясын «Адам қадірін ұлықтау және белсендi махалла жылы» жүзеге асыру жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес, кәсіпкерлердің заманауи қызметіне кедергі келтіретін талаптар қайта қаралып, бірқатар жеңілдіктер енгізілді.

Атап айтқанда, кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің құралдары нақты айқындалды. Олар – мемлекеттік тіркеу, лицензиялау және рұқсат беру, техникалық реттеу, тарифтік-нотариалдық реттеу, міндетті сақтандыру, мемлекеттік бақылау, бәсекелестікті қорғау, жауапкершілікті белгілеу солар қатарында.

Талдау негізінде көптеген процедуралар да қысқартылды. Мәселен, шаруашылық жүргізуші субъектінің жарғылық капиталы азайған кезде несие берушілерді жазбаша хабардар ету, электр энергиясы шамадан тыс тұтынылған кезде оны ажырату, жеке кәсіпкердің жалдаған қызметкерлерін салық органдарындағы жеке шотқа орналастыру сияқты процестер көп қиындық туғызуда. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай міндетті талаптар жойылады.

Сондай-ақ кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың бірыңғай тізілімін құру жоспарлануда. Ол екі кезеңде жасалып, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап толық іске қосылады. Кәсіпкерге осы тізілімге енгізілмеген талаптар бойынша жауапкершілік жүктеуге тыйым салынады.

Осы жылдың 22 тамызында кәсіпкерлермен ашық диалогта Мемлекет басшысы саланы цифрландыру және қағаз түріндегі құжаттарды сақтауды қысқарту жөнінде тапсырма берген болатын.

Бұрын қолданыста болған тәртіпке сәйкес, заңды тұлғаның жалақысы мен басқа да кірістері, сондай-ақ олар бойынша есептелген салық сомалары туралы құжаттар 75 жыл бойы қағаз түрінде сақталуы тиіс болатын. Жаңа қаулымен салық органдарының деректер базасындағы мәліметтерді қағаз жүзінде сақтау жойылды. Сонымен қатар, шаруашылық жүргізуші субъектілер өздерінің ішкі бастапқы бухгалтерлік құжаттарын ақпараттық жүйелер арқылы жасаған кезде оларды қағаз түрінде сақтаудан босатылады. Осы өзгерістердің нәтижесінде 587 мың кәсіпорын қағазбастылықтан арылып, жұмысы жеңілдейді.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық органдарына әр ширек сайын қаржылық есеп беру және 9 түрлі статистикалық есеп беру тәжірибесі алынып тасталды.

Шенеуніктердің ақпаратын тыңдаған Мемлекет басшысы осы жарлықтың тиімді жүзеге асырылуын ұйымдастыруды, республикада кәсіпкерлік қызметті жүргізуді жеңілдетіп, қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру жұмысын дәйекті түрде жалғастыруды тапсырды.