Бүкіл әлемде болғаны секілді Өзбекстанда да экологиялық проблемалар көбейіп келеді. Бұған кейде табиғи факторлар, ал көп жағдайда адамның өзі себеп болуда.
Мысалы, соңғы 4 жылда өнеркәсіптік кәсіпорындардың саны екі есе өсті, ал қалалардағы шаң - газ мөлшері нормадан 4 есеге өскен. Ел өңірлерінде жасыл алқаптар 3-4 есеге қысқарды. Су деңгейі азайып, жер асты суы да төмендеген.
Көпқабатты үйлердің арасында бос жерлерде құрылыс салу, мораторий жарияланғанына қарамастан, ағаштарды кесу мен жасыл алқаптарды қысқарту жағдайлары көпшілікті ренжітіп отыр.
Сондықтан бүгінгі кездесуде саладағы мәселелер талқыланып, жергілікті жерде жұмысты жүйелі ұйымдастыра алмағаны үшін Мемлекеттік экология және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Алишер Мақсудов қызметінен босатылды.
Биыл күзде автокөлік жолдары, егістік алқаптарда және барлық елді мекендерде 55 млн дана, ал келесі жылдың көктемінде 77 млн тұт, павловния, шынар, емен, жаңғақ, жиде, терек және басқа да жемісті және сәндік ағаштар отырғызу міндеті жүктелді.
Ағаштарға күтім жасау үшін әр махаллаға біреуден, аудандық және қалалық көгалдандыру бөлімдеріне кемінде 5 жұмысшы бекіту қажет екендігі айтылды.
Әкімдерге қала мен аудан орталықтарындағы 4,5 мың шақырым ішкі суару желілерін қалпына келтіру тапсырылды.
Халықты сапалы көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында әр аймақта «Жасыл мекен» қорларын құру жоспарланып, жауапты азаматтарға көшет өсіруге маманданған шаруашылықтарға конкурстық негізде жер бөлу, «Жасыл мекен» қорының қаражаты есебінен халыққа жемісті және сәндік ағаш көшеттерін тегін тарату тапсырылды.
Отырыста Қалаларда жасыл аумақтар мен қоғамдық саябақтар құруға ерекше назар аударылды.
Жауапты кісілерге республикадағы барлық саябақтардағы ағаштарды түгендеп, қоғамдық саябақтар санын көбейту тапсырылды. Саябақтардың 70 пайызы жасыл аймақтар болуы керек екендігі айтылды және оларда ғимараттар салуға рұқсат берілмейтін болды.
Ташкент қаласының әр ауданында біреуден саябақ, көпқабатты үйлер орналасқан әрбір махаллада жасыл аймақтар құру қажеттілігі туындағаны айтылды. Сондай -ақ, 60 шақырым канал мен 250 шақырым жаяу жүргіншілер жолағы бойына сәндік ағаштар отырғызу қажет.
Осыған байланысты Ташкент қаласының әкіміне бірқатар тапсырма берілді.
Ташкент қаласы мен облыс орталықтарында экологиялық полиция құрылады. Оған экологиялық заң бұзушылықтармен күресу, оның ішінде ағаштарды рұқсатсыз кесу, қоқысты мүмкін емес орынға төгу және браконьерлікке қарсы күресу міндеті жүктеледі.
Бұл ретте экология саласында салынатын айыппұл көлемі 5 есеге, ал келтірілген зиянды өтеу көлемі 2 есеге ұлғайтылады.
Қоқысты жинау және қайта өңдеуге байланысты Ферғанаға 7 миллиард сумдық инвестиция тартылып, қалдықтарды сұрыптайтын зауыт іске қосылған болып, дәл осы тәжірибені басқа өңірлерде кеңейту, жеке әріптестік негізінде жаңа жобаларды жүзеге асыру маңызды екендігі айтылды.
Экология комитеті жанындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметін жетілдіру, ғалымдар мен кадрларды даярлауды дамыту бойынша тапсырмал берілді.
Ол үшін ғылыми-зерттеу институты заманауи техникамен және зертханалық құралдармен жабдықталады. Докторантураға квота екі есеге артады. Институтта экология және қоршаған ортаны қорғау бойынша ғылыми дәрежелер беретін Ғылыми кеңес құрылады.