Мемлекет басшысы қызмет көрсету салаларын дамыту мәселелері жөнінде жиын өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 7 ақпан күні өңірлерде қызмет көрсету салаларын дамыту мәселелері жөнінде бейнеселекторлық жиын өтті.

    Үш жыл бұрын бұл бағытта ауқымды бағдарлама қабылданып, бүгінде ол өз нәтижесін беруде. Қосымша 1,5 миллион адам тұрақты табысқа ие болды. Қызмет көрсету көлемі 2018 жылғы 19 миллиард доллардан 65 миллиард долларға дейін ұлғайды. Әсіресе, ақпараттық технологиялар, қаржы қызметтері, туризм, авиация, білім беру және медицина салаларында «үлкен серпіліс» болды.

    Бұл – жақсы нәтиже. Алайда мүмкіндіктер әлдеқайда көп. Оларды жүзеге асыруда өңірлер мен салалар арасында үйлесімділік жетіспейді.

    Мәселен, Хорезмге 6 миллион турист тарту жоспарланған. Алайда мұның өзі жеткілікті әуе және теміржол қатынасын қажет етеді. Медицина, авиация және энергетика салаларында жеке сектор қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар көлемі 20 миллиард доллардан асқан. Бірақ ауыз су, кәріз жүйесі мен жол құрылысы бағытында мұндай жобалар өте аз.

    Жиында осы және өзге де мәселелер талданып, өңірлер мен салалардағы зор мүмкіндіктер көрсетілді.

    Соңғы жеті жылда халықтың табысы мен төлем қабілеті екі есеге артқандықтан, қызмет көрсетуге сұраныс өсіп келеді. Осыған орай министрлер мен әкімдер күн сайын жаңа қызмет түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлерге жол ашуы керектігі айтылды.

    Биыл қызмет көрсету көлемін 15 пайызға ұлғайтып, 82 миллиард долларға, ал экспортын 8,5 миллиард долларға жеткізу жоспарлануда. Бұл салада 2,5 миллион адамды табыспен қамтамасыз ету көзделген.

    Ең үлкен мүмкіндік банк-қаржы саласында. Атап айтқанда девелоперлерге жердің 10-15 пайызын коммерциялық нысандар үшін пайдалануға рұқсат берілді. Оны тиімді пайдалану мақсатында банктер арқылы девелоперлерден жылжымайтын мүлікті тікелей сатып алып, кәсіпкерлерге жалға немесе лизингке беру ұсынылды. Осы шаралар арқылы 50 мың шаршы метр коммерциялық жылжымайтын мүлік айналымға енгізіліп, 100 мың жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін.

    Қаржы қызметтері көлемін 30 пайызға арттыру көзделген. Бұл тұрғыда «Махалла банкирлері» бағдарламасы іске қосылып, тұрғындарға жақын қызмет көрсету жүйесі дамытылады. Сонымен қатар кадастр, салық және әділет салаларындағы мәліметтерді банк жүйесіне біріктіру арқылы қызмет көрсету ауқымы кеңейеді.

    Осы жылдан бастап аудандарда сервис саласын дамытуға жаңа көзқарас енгізілмек. Бұл бағытта 1 156 ірі жоба жергілікті кеңестерде бекітіліп, олардың инфрақұрылымына 1 трлн сум бөлінеді.

    Сонымен қатар биыл 72 жаңа жағажай демалыс аймағы, 154 тәулік бойы жұмыс істейтін туристік және гастрономиялық көше, 62 заманауи демалыс паркі, 364 жол бойындағы сервис нысандары салынады.

    Екі жыл бұрын сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар үшін әлеуметтік салық 1 пайыз мөлшерінде белгіленген еді. Нәтижесінде кәсіпкерлер саны 1,5 есе артты, көлеңкелі сектордан шыққан бизнес иелері жалақыны ашық көрсете бастады. Бұл жалақының 3,2 есеге өсуіне және қосымша 2,1 трлн сум салық түсіміне себеп болды.

    Осыған байланысты бұл жеңілдіктер тағы үш жылға ұзартылды. Енді ол айына кемінде 3 млн сум жалақы алатын 30 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін қолданылатын болады. Құрылыс, сауда және қоғамдық тамақтану салаларында қызметкерлермен қысқа мерзімді, жеңілдетілген еңбек шарттарын жасауға рұқсат етіледі.

    Соңғы үш жылда 27 түрлі мемлекеттік қызмет жеке секторға берілді. Бірақ министрліктер мен ведомстволарда кәсіпкерлер атқара алатын қызметтер әлі де көп. Биыл тағы 29 мемлекеттік қызмет жекеменшік секторға беріледі.

    Жер телімдері мен мемлекеттік мүлікті жалға алу немесе жекешелендірудің ашық, тиімді шарттарын әзірлеу тапсырылды.

    2024 жылғы 20 желтоқсандағы Президент Жарлығына сәйкес, 1 наурыздан бастап аудандарда 10 мың шаршы метрге дейінгі және 6 ай бойы сатылмаған мемлекеттік нысандар кәсіпкерлерге 10 жылға тікелей жалға беріледі. Егер 4 жыл ішінде жалдау ақысы уақтылы төленсе, нысан кәсіпкердің жеке меншігіне өтеді. Жастарды IT және шет тілдеріне оқытып, халықаралық сертификат беретін кәсіпкерлер алғашқы жылында жалдау ақысынан босатылады.

    Мемлекет басшысы қашықтықтан қызмет көрсету экспортын жаңа деңгейге көтеру қажет екенін атап өтті. Бұл үшін шетелдегі қызмет көрсету нарығын зерттеп, соған сәйкес мамандар даярлау міндеттелді.

    Биыл креативті экономикадағы стартап-жобаларға 50 млн доллар бөлінді. Бұл жас кәсіпкерлерді қолдау және шетелдегі тәжірибелі мамандарды елге тарту мақсатында жүзеге асырылмақ.

    Жалпы, биыл IT қызметтерін 30 пайызға ұлғайтып, 80 трлн сумнан, ал экспорт көлемін 1 млрд доллардан асыру мүмкіндігі бар екені айтылды. Өңірлер мен салаларда қызметтерді цифрландыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

    Қызмет көрсету саласын дамытуда ыңғайлы көлік инфрақұрылымы өте маңызды. Өткен жылы көлік қызметтері 8,6 пайызға өсіп, 145 трлн сумды құрады. Дегенмен, жоғары экономикалық өсімге жету үшін бұл жеткіліксіз.

    Осыған байланысты елді мекендер арасындағы әуе және теміржол қатынастарын көбейту, мультимодальды логистика орталықтарын салу, транзиттік жүк тасымалының үлесін арттыру, такси қызметтерінің қолайлылығын кеңейту жөнінде қосымша шаралар қабылданды.

    Осы шаралар арқылы биыл көлік қызметтері көлемін 185 трлн сумға, экспортын 2,3 млрд долларға жеткізу мүмкіндігі бар екені айтылды.

    Туризм – қызмет көрсету саласындағы ең ірі сектор. Соңғы жылдары 90-нан астам елмен қарым-қатынастың жақсаруы нәтижесінде шетелдік туристер саны 4 есеге артты. Өткен жылы туристік қызметтердің экспорты 3,5 млрд долларды құрады.

    Алайда елдің әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Мысалы, Малайзия және Индонезиядан келген мұсылмандар Ұмра сапарына барар алдында ортаазиялық ғұламалардың кесенелеріне зиярат етуді қалайды. Осыған байланысты «Ұмра плюс» қызметін енгізу жоспарланды.

    Самарқанд, Шахрисабз, Бұхара, Хиуа және Ташкенттегі туристік кешендерде халықаралық концерттер мен форумдар өткізу шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етеді. Бұл қонақүйлер, мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орындарына жаңа клиенттер әкеледі.

    Әлеуметтік салаларда да жаңа мүмкіндіктер бар. Мысалы өткен жылы «Медициналық қызметтердің қонақжайлылығы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл шетелдік азаматтарды емдеу және медициналық қызметтер экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

    Соңғы 8 жылда 125 жаңа жоғары оқу орны ашылғанымен, білім беру саласының экспорттық әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Сондай-ақ, кейбір бос тұрған мәдениет және өнер орталықтарын жеке секторға беруге мүмкіндік бар.

    Жиында Мемлекет басшысы сала жетекшілерімен және кәсіпкерлермен пікір алмасты. Жауапты тұлғалар биыл өңірлерде 2,5 млн адамды жұмыспен қамту жоспары туралы ақпарат берді.

    No date selected
    March 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates