Республикалық мамандандырылған травматология және ортопедия ғылыми-практикалық медицина орталығының директоры Мурад Ирисметов аталмыш дерттің белгілері мен себептері, асқынулары, нақтамалау және емдеу әдістері туралы ақпарат берді.
– Остеомиелитте сүйек тінінің барлық элементтері (сүйек тіні – остит, ми – миелит, периостит және оны қоршаған тіндері) қабынуы байқалады, – дейді маман. — Ауру көбіне адам қаңқасының губка тәрізді сүйектерінің буынына жақын жерде жиі кездеседі. Оған іріңді жинайтын микробтар, стафилококк, себеп болады.
Инфекциялар сүйек тініне қалай түседі? Олар ағзаның түрлі нүктелеріндегі ірің ошағы, мәселен, безеуден, қабынған сүт бездерінен, жаңа туған нәрестелерде инфекция түскен кіндіктен пайда болуы мүмкін. Кейде қабыну туберкулездің, жара ауруларының нәтижесінде пайда болады.
Сонымен қатар, суықта ұзақ қалып кету, операция кезінде сүйек тініне инфекция түсуі, жарақаттың уақытында жазылмауы, сүйектердің ашық сынуы, ашық жаралардың ластануы бұл ауырудың туындауының ықтималдығын арттырады.
Аурудың өткір гематогенді остеомиелит түрі әдетте 8-17 жаста кездеседі. Көбінесе дене суықтағанда кезде немесе жарақат алғанда ауру кенеттен басталуы мүмкін.
Науқас жүнжіп, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, тамыр соғысы жиілейді, көз алды қарайып, ұйықтай алмайды, елегізейді. Содан соң қабынған сүйек ауырады, оның терісі ісініп, қызарып кетеді. Ірің жарып шыққанда температура төмендеп, науқастың жағдайы жақсарады.
Остеомиелитке байланысты сүйектердің деформациясы және жалған буындардың пайда болуы тәжірибеде де байқалады.
Сонымен қатар, остеомиелит жиі-жиі қайталанатын ауру болып табылады. Бұл үдерісте асқынулар адам ағзасының барлық мүшелеріне өз әсерін тигізбей қоймайды. Нәтижесінде буындарда, жүйке жүйесінде, қантамырларында, жүректе, бүйректе, бауырда және тағы басқа жұмсақ тіндерде өзгерістер орын алады.
Сондай-ақ остеомиелиттен зардап шеккен түтікше сүйектерде патологиялық сыну, сүйек тінінің шіруі сияқты жағдайлардың қалыптасу қауіпі де бар.
Науқас дертінің басталғанын бірден байқап, дер кезінде ем қабылдаса, асқынусыз жазылады. Бірақ сүйек кеміріліп, ірің қанға таралса, елеулі асқынулар қалады.