Кейінгі жеті жылда Өзбекстанда өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 110 мыңға дейін жетті. 2 мыңнан астам жаңа өнім шығару жолға қойылды. Экспорт көлемі өткен жылы 1,6 есе өсіп, 19 миллиард долларға жетті. Соның нәтижесінде республикада жүк айналымы 30 пайызға артты.
Өзбекстан сияқты дүниежүзілік мұхитқа тікелей шыға алмайтын елдер үшін ең қолайлы әрі арзан көлік теміржол екені белгілі. Бірақ қазір ішкі нарықтағы өнімнің 5 пайызы, экспорттағы 45 пайызы ғана пойызбен тасымалданады. Яғни, «Өзбекстан темір жолдары» акционерлік қоғамы көлікпен жүк тасымалдауға бәсекеге түсе алмай тұр.
Өйткені сектор ұзақ жылдар бойы реформаланбағандықтан, заманауи басқару жүйесі енгізілмеді. Сонымен бірге халықаралық аренадағы жағдайға байланысты көлік-логистика шығындары да өсті. Соның салдарынан қоғамның табысы да, қызмет көрсету сапасы да төмен күйінде қалып отыр.
Атап айтқанда, вагондардың жетіспеуі, олардың көбінің ескіргені айтылды. Қазіргі тарифтер мен басқару жүйесі жағдайында жеке сектордың салаға енуі қиын. Көптеген станциялардың кірісі олардың құнын өтемейді. Цифрландыру төмен деңгейде қалып отыр. Станцияларда сауда мен қызмет көрсету дұрыс жолға қойылмаған. Қауіпсіздік мақсатында орталық станцияларға кіру шектелген. Автотұрақтардың алыс орналасқаны, билет сатудағы жемқорлық, вагондардағы жағдайға және қызмет көрсетуге тұрғындар наразы.
Осы жағдайлар айтылған жиында саланы реформалау бойынша ұсыныстар талқыланды.
Оған сәйкес, «Өзбекстан темір жолдары» акционерлік қоғамын холдингке айналдырып, заманауи менеджментті, жекелеген инфрақұрылымды, жүк вагондары мен логистиканы, жолаушылар тасымалы қызметін, вокзалдарды басқаруды енгізіп, жеке кәсіпорындар құру жоспарлануда.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды мақұлдап, саланың тиімділігін арттыру жөнінде қосымша тапсырмалар берді. Бухгалтерлік есепті ашық етіп, мемлекет кепілдіксіз кәсіпорындарға шетелдік сарапшылар мен инвестицияларды тарту қажеттігі баса айтылды.
Жеке сектор үшін тартымды тарифтер үйлестіру, вагон сатып алу үшін кәсіпкерлерге несие бөлу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ орталық вокзалдардың айналасына заманауи сауда кешендерін салуға мүмкіндік болады, вокзалдардағы орындар жалға беру үшін аукционға қойылады. Теміржол вокзалдарының айналасында бос орындар анықталып, логистикалық қызметтер мен өндірістік жобалар орналасады.
Цифрлық технологиялар министрлігімен бірлесе жүк құжаттарын электронды тіркеу, вагондарға GPS орнату және «бір терезе» қағидаты арқылы онлайн-қойма ақпараттық жүйесін іске қосу міндеті қойылды.
«Өзбекстан темір жолдарының» жұмыс істемейтін активтерін қайта қараудың және оларды сатудан түскен қаражатты темір жол инфрақұрылымын жақсартуға бағыттаудың маңыздылығы атап өтілді.
Пойыздардың басым бөлігі Ташкент қаласы мен облыс орталықтарына кіруіне байланысты станциялардағы қозғалыс артып келеді. Сондықтан жүк станцияларын қала сыртына шығару мүмкіндігін зерделеу қажет екені айтылды. Бұл қалалардағы жүк көліктерінің қозғалысын азайтып, аудандарға қосымша инвестиция әкеледі.
Көлік прокурорына барлық теміржол өткелдерін реттеп, азаматтар мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігі мен қызмет көрсету сапасы мәселелері қозғалды.
Мемлекет басшысы саладағы реформалар арқылы халықты, кәсіпкерлерді қанағаттандыратын жүйе құру қажеттігін атап өтті.
Жиында қаралған мәселелер бойынша жауапты азаматтар ақпарат берді.